ЭМОЦИЯ ӘЛЕМІНЕ САЯХАТ
«JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының әдіскері Ботагөз Қосмағамбетова №84 орта мектебінде 4-7-сынып оқушыларына арналған «Менің сезімдерімді тану және білдіру» тақырыбында тренинг өткізді.
Мақсат — оқушылардың эмоциялық сауатын арттыру, өз сезімдерін дұрыс тану және еркін білдіру дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ қарым-қатынас мәдениетін дамыту.
Тренинг барысында оқушылар белсенді қатысып, өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ой-пікірлерімен бөлісті. Тақырыпқа сай бейнематериал көрсетіліп, оны талқылау арқылы балалардың эмоцияны тану, түсіну және басқару қабілеттері нығайды.
Практикалық жаттығулар мен топтық жұмыстар ұйымдастырылып, қатысушылар бір-бірін тыңдау, өз сезімін дұрыс жеткізу дағдыларын тәжірибе жүзінде меңгерді.
Іс-шара соңында оқушылар өз әсерлерімен бөлісіп, алған білімдерінің күнделікті өмірде маңызды екенін атап өтті. Тренинг қатысушылардың өз-өзіне сенімділігін арттырып, жағымды қарым-қатынас орнатуға және эмоционалдық тепе-теңдікті сақтауға ықпал етті.